Мемлекетті басқарудың формалары әртүрлі
Әлемде мемлекет басқарулардың қандай формалары бар?
Асхат ЖАҚЫПОВ, Жезқазған
Басқарудың, негізінен, екі түрі болады – монархиялық және республикалық.
Монархиялық – ел басқару және басқа да билік органдарының (заң шығарушы, атқарушы) барлығы бір адамға ғана тәуелді болатын жүйе. Ол өз ішінен тағы екіге бөлінеді. Заң шығару, үкіметті басқару секілді негізгі істерді бір адам өз мойнына алса, ол «абсолюттік монархия» болады. Мәселен, Сауд Арабиясы, Катар, Оман, Біріккен Араб Әмірліктері басқарудың осы жолын ұстанады. Монархиялық биліктің келесі бір түрі – Конституциялық, басқарушы тұлғаның билігі Конституциямен шектелген. Бұлардың қатарына Ұлыбритания, Швеция, Испанияны жатқызуға болады.
Республикалық басқаруға сайлау арқылы билік басына келіп, үкіметтің жұмысын бақылайтын президент немесе парламентке тәуелді болатын мемлекеттер жатады. Өз ішінен бұл құрылым парламенттік және президенттік болып екіге бөлінеді. Әйткенмен көптеген халықтарда бұл екеуі араласқан түрде де жұмыс істей береді.