Біз жұмыс істеп жүрген мекеменің атауы өзгерді. Осыған орай біз жұмыс берушімен еңбек шартын қайта түзуіміз керек пе?
Қайрат, Мұқан, Атырау облысы
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласының сарапшы маманының мәліметінше, ҚР Еңбек кодексінің 49-бабына сәйкес, жұмыс берушінің атауы, ведомстволық тиесілігі өзгерген, мүлкінің меншік иесі ауысқан немесе жұмыс беруші қайта құрылған жағдайларда қызметкерлермен еңбек қатынастары өзгеріссіз жалғаса береді. Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2007 жылғы 5 шілдедегі №149-ө бұйрығымен бекітілген Еңбек кітапшаларын жүргізу және сақтау ережесінің 12-тарауына сәйкес, егер қызметкер жұмыс істеп жүрген кезде заңды тұлғаның атауы өзгерсе, 3-бағанда жеке жолға тиісті жазба жазылады, ал 4-бағанда атауды өзгерту негіздемесі (заңды тұлғаны тіркеу немесе қайта тіркеу туралы куәліктің күні мен нөмірі) көрсетіледі.