Жазда маса мен шыбын-шіркей көбейеді. Олар адам үшін қауіпті ме? Елімізде маса болмайтын аймақтар бар ма? Жалпы, масалардың қанша түрі бар?
Рахманқұл БӨРІБАЕВ, Оңтүстік Қазақстан облысы
Қажығали КАРДАСИНОВ, «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-тәжірибелік орталығы» РМҚК маманы:
– Маса мен шыбын-шіркей де жұқпалардың тасымалдаушылары болып табылады. Адамдарға ауру жәндіктің шағуынан жұғады. Маса тұқымдастары республикамыздың Маңғыстау облысынан басқа, барлық аумақтарында тіркелген. Елімізде масалардың алты түрі бар. Ең кең тарағаны – безгек масасы Anopheles messeae, оның ареалы Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарынан басқа барлық жерді қамтиды. Ал Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында безгек ауруын тасымалдаушы – An. pulcherrimus, An.superpictus және Аn. martinius масалары бар. Бұл қансорғыш жәндіктер безгек, қырым-қанды безгегі ауруын және әртүрлі трансмиссивті ауру қоздырғыштарын тасымалдаушы болып табылады. Ауру адамдарға безгек масаларының шағуы арқылы жұғады. Ауру белгісі науқастың бауырының ісінуі мен қанның қызыл түйіршіктерінің азаюы, дене қызуының көтерілуімен сипатталады. Аурудың инкубациялық кезеңі – бір апта, кейде бір жыл. Безгек күнде, күнара, кейде 3-4 күнде денені құрыстырып, тоңдырып, дірілдетіп басталады да, дене қызуы 40 градусқа дейін көтеріледі. Науқас сандырақтап, денесі сарғаяды. Безгек белгілері байқалғанда жедел медициналық көмекке жүгіну қажет. Республика бойынша әр жылы жоспарлы түрде масалар мен шыбын-шіркейлерге қарсы күрес жүргізіледі. Жүргізіліп отырған шара барысында безгек масаларының саны жыл сайын көбейіп отырғаны анықталуда. Шыбын-шіркей мен масалар жұқпаның табиғи ошақтарынан қоздырғыштарды әкеліп, індет ауруларының таралу қаупін тудырады. Осыған орай, аурудың алдын алу үшін қансорғыштарды, масалар мен шыбын-шіркей және кеміргіштерді жоюға бағытталған шараларды ұйымдастырған (дезинсекциялық және дератизациялық жұмыстар) жөн. Елімізде безгек масаларын тарататын мыңдаған анофелогенді суаттар бар. Сол себепті шыбын-шіркей мен масалардан сақтану керек.
Маса мен шыбын-шіркей адам үшін қауіпті ме?
Последние статьи автора