Манарбек пен Күләш қалай туысады?
Сұрайын дегенім, Манарбек Ержанов қай өңірдің тумасы? Ол Күләш Байсейітовамен қалай туысады?
Еркін НҰРҒАБЫЛ, Алматы облысы
Манарбек Ержанов 1901 жылы наурыз айында Қарағанды облысына қарасты қазіргі Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Шыққан тегі – тобықты, Мандар атадан тараған сегіз ағайынды: Қара, Байзақ, Тоғыз, Тобышақ, Мамай, Көбей, Тоғалақ, Сақ болады. Соның ішінде Қарадан – Айтқожа, одан – Мәмбет, Бейіс, Уәли. Манарбектің әкесі Ержан – Мәмбеттен, ал Күләштің әкесі Жасын Бейістен тарайды. Яғни Манарбек Ержанов пен Күләш Байсейітова – немерелес туысқан.
Өмірде ағалы-қарындас ретінде қатты сыйласқан қос талант өнер сахнасында да қатар жүріп, талай спектакльдің басты рөлдерінде бірге ойнаған. Мысалы, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Жібек – Күләш, Шеге – Манарбек, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсындағы Әзім – Манарбек, Ажар – Күләш көрерменін тәнті еткен тамаша образдар ретінде тарихта қалды.