Лимон қандай дертке дауа?
Лимон жемісінің емдік қасиеті туралы жиі айтылады. Асқазан ауырғанда лимонды пайдалануға бола ма?Бақытгүл МАМИЛИНА, Семей қаласы
Ежелде шығыс елдері лимон жемісін жылан уын қайтаруға, оба, тырысқақ ауруларын емдеуге қолданған екен. Сондай-ақ атақты шығыс ғалымы Ибн Сина лимонды теңіз ауруына шалдыққанда және жүкті әйелдер итжерік болған жағдайда жақсы көмектесетін емдік дәрі ретінде ұсынған. Әсіресе, ірі және қанық сары түсті лимон ағзаға өте пайдалы. Лимонның тәтті түрі қаназдыққа пайдаланылады, ал қышқыл лимон терідегі дақтарды кетіруге жақсы. Лимон асқазанның қызметін реттеп, тамақтың дұрыс қорытылуына, ағзадағы артық заттарды шығаруға көмектеседі. Дегенмен асқазанында қышқыл мөлшері жоғары адамдарға, асқазанында жарасы барларға және гастрит түрлерімен ауыратындарға, лимонды өте абайлап пайдалану қажет. Мұндай науқастарға күніне лимонның 1-2 бөлігінен артық пайдалануға болмайды, өйткені лимон асқазан қыжылын күшейтуі мүмкін. Лимон шырынын көзге тамызсаңыз, жанарыңыз тұнық бола түседі екен. Лимонның қышқыл болатын себебі, бір лимонның құрамында 5-8 пайыз лимон қышқылы бар. Лимонды жиі пайдаланатын адамның ағзасындағы қышқыл мөлшері бірқалыпты болып тұрады. Лимон ағашының бұтағынан, жапырағынан эфир майы алынады, қабығында гликозид, цитронин бар. Лимонның шырыны минералдық тұздарға, органикалық қышқылдарға өте бай. Оның құрамында C, A, D дәрумендері бар. Лимон күшті антимикробтық және антисептиктік қасиетке ие, бұл жеміс 20-ға жуық микроб түрлерін өлтіре алады.