Көшкіннен қалай қорғануға болады?
Таулы жерлерге жиі барып тұрамыз. Бірақ қазіргі мезгілде тауда қар көшкіні болуы мүмкін деп жатады. Егер қаннен-қаперсіз тынығып жүрген кезде қар көшсе, қалай қорғанған жөн?
Ақылбек, Алматы облысы
Алматы қалалық жасақтық дайындық, азаматтық қорғаныс және апаттарды залалсыздандыру мен алдын алуды ұйымдастыру жөніндегі басқарма мамандарының мәліметінше, биыл басқарма қар көшкінінен және басқа да табиғи апаттардан сақтану жөнінде практикалық кеңестер беретін арнайы жадынамалар шығарған. Оны Алматы тұрғындарының алып оқуы міндетті. Қар сырғып келе жатқанын байқаған сәтте қолға ұстаған таяқ пен арқаға асынған сөмке не басқа да заттардан құтылу керек. Жақын маңда ағаш не шатқал болса, дереу жармасу қажет. Қар баса бастаса, мойынорағышпен не шүберекпен ауыз бен мұрынды орап алған жөн. Бұл қар астында еркін тыныстауға мүмкіндік береді. Тізерлеп отырып алып, басты қозғалта алатындай орын қалдыруға тырысу қажет. Көшкін басылған соң, бүгілген аяқтарды серпе отырып, жоғары қарай талпыну керек. Маңайда ешкім болмаса, қар астынан құр айқайлағаннан ештеңе өнбейді. Өйткені қар дыбысты жұтып қояды. Мұндай кезде ысқырықты пайдаланған жөн. Ең бастысы, жаныңыз аман қалса, сабыр сақтаған абзал. Қатты қорыққан адам мандытып қимылдай алмай қалады.