Көші-қон квотасын қалай аламын?
ҚР азаматтығын алған оралмандарға квота берілетін болыпты деп естідім. Осы рас па?
Қастер, Алматы облысы
Алматы қалалық көші-қон департаментінің көші-қон саясатын жүзеге асыру бөлімінің бас маманы Гүлшат КҮРЕҢТАЙҚЫЗЫ:
– Бүгінгі таңда қолданыстағы Қазақстан Республикасының «Көші-қон туралы» Заңының 14-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтығын алған оралмандар квота алу мүмкіндігінен айырылады. Отбасымен елге оралғысы келген қандастарымыз бірінші көші-қон департаментіне құжаттарын тапсырады. Егер комиссия құжаттарды дұрыс деп тапса, ол азаматқа оралман кітапшасы беріледі. Оралман мәртебесін алған соң, көшіп келу квотасына енгізу туралы өтініш жазады. Өтініш қаралып, көшіп келу квотасына енген соң, оралман біз берген анықтама негізінде, ҚР азаматтығын алу үшін көші-қон полициясына құжаттарын тапсырады. Өз кезегінде көші-қон полициясы оралманның ҚР азаматтығын алуға құжаттарын тапсырғаны туралы анықтама береді. Сол анықтаманы көші-қон департаментіне тапсырған соң ғана квота ұзағымен бір ай ішінде беріледі. Көші-қон полициясының анықтамасы болмаса, квота берілмейді. Өйткені квотаны алған оралмандар ҚР азаматтығын алмай, кері қайтып кетіп жататын жағдайлар, өкінішке қарай, кездесіп жатады.