Көпқабатты үй пәтерінде өрт шыққан кезде не істеу керек?
Көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерде өрт тұтанып, одан сыртқа шығу мүмкін болмаған жағдайда не істеу керек? Жуырда өртсөндірушілер келгенше түтінге тұншығып, шыдай алмаған бір адамның балконнан секіріп кеткенін естіген едім. Өрттен құтылудың амалы осы ғана ма? Құтқарушылар қандай кеңес береді?
Жансұлу Бекбергенова, Алматы қаласы
Көпқабатты үй пәтерінде өрт шығып, жалын құшағында қалып қойған жағдайда өртсөндірушілердің мынадай кеңесін есте ұстаған жөн:
– терезеге жақындап немесе балконға шығып, сырттағы адамдарды көмекке шақыру керек;
– сабыр сақтап, балконнан өртсөндірушілердің келуін күту қажет;
– ауыз бен мұрынды дымқыл шүберекпен бүркемелеу керек;
– түтіндеген аумаққа жақындай бермеген жөн;
– үстіңізде синтетикалық киім болса, шешіп тастаған абзал;
– түтін қоюлана түскен кезде, тізерлеп отырып қимылдау керек;
– мүмкін болған жағдайда суық су ағатын барлық кранды ашып тастау қажет;
– балконға шыққан кезде бастың айналуынан төменге құлап қалмауды ойлау керек.