«Консьерж» деген кім?
Біз тұратын үйдің ауласында «консьерж» деп аталатын жұмысшылар бар. Олар не қызмет атқарады?
Асқар Есқалиев, Ақтөбе қаласы
«Консьерж» сөзі француз тілінен аударғанда «есік күзетуші» дегенді білдіреді. Өткен ғасырларда Еуропада қонақүйлердің меймандарды қарсы алып, олар үшін таксиге немесе театр билеттеріне тапсырыс беруші қызметкерлері осылай аталған. Консьерждер кеңес дәуіріндегі мейманханаларда да болды. Олар тәртіп пен тазалықты бақылау міндетін атқарған. 2004 жылы сол кездегі республика ішкі істер министрі Зауытбек Тұрысбеков қоғамдық тәртіпті қадағалау ісіне консьерждер институтын араластыруды енгізді. Олар еңбек биржасында тұрақты жұмыс кезегінде тұрған азаматтардан іріктелді. Консьерждер учаскелік полицейлердің жұмысын жеңілдетуге, аулалар мен подъездерде тыныштықты бақылап, түрлі қылмыстың алдын алуға атсалысады. Бұл институттың жұмысы аз уақыттың ішінде жақсы нәтиже берді. Бір ғана елорданың өзінде 500-ден астам консьерждің көмегімен полицейлер бір жылда 800-ге жуық ірілі-ұсақты қылмыстың бетін ашты. Бірақ соңғы кездері консьерждердің жұмысы әлдеқайда бәсеңдеп кеткені шындық. Оған оларға төленетін жалақының мардымсыздығы себеп болса керек.