Қазақ халқын «көшпелілер» деп атаған. Әйтсе де еліміздің аумағынан көне қалалардың көп табылғандығын білеміз. Олардың саны шамамен қанша?
Меруерт РАБАТОВА, Ақтөбе қаласы
Бұл мәселеге келгенде тарихшы ғалымдардың пікірлері әрқилы. Дегенмен археолог мамандардың шындыққа жақын деректері бойынша, қазақ даласында 500-ге жуық қала болған. Олардың 70-ке жуығын ірі қалаларға жатқызуға болады. Көне қалалардың алғашқысы шамамен осыдан 4000 жыл бұрын пайда бола бастаған. Ал қорғандардың саны тіпті көп. Әлі де анықталмағандары қанша. Бірақ көптеген шетелдік ғалымдар осы уақытқа дейін қазақтар отырықшы болып қала салмаған, егіншілікпен айналыспаған, өркениет құрмаған, жабайы, көшпелі халық деп санап келді. Әлі де осы пікірді ұстанатындар бар. Алайда нақты тарихи деректер бұл жаңсақ пікірлерді теріске шығарады. Осы күні біз өзімізді «номад» деп атауды сәнге айналдырып алдық. Біле-білген адамға біздің ата-бабаларымыз ежелгі Тұран даласында емін-еркін ары-бері көшіп-қонып қана қоймай, құрылысты игеріп, қалалар мен қорғандар салып, егіншілікпен де айналысқаны анық. Қалай айтсақ та, Орта Азия мен қазақ жері өркениеттің, оның ішінде далалық өркениеттің ошағы болғаны сөзсіз. Кеңес өкіметі тұсында төл тарихымызды танып-білуге мүмкіндік берілмеді. Ұлы Жібек жолының бойында орта ғасырларда ғылым мен мәдениеттің орталығы болған Тараз, Отырар, Сарайшық, Құлан, Меркі, Аспара, Ақыртас сынды аттары әлемге әйгілі жүздеген қалалардың тізбегі бар. Олардың әрқайсысы жеке-жеке зерттеуді қажет етеді.
Көне қалалар саны қанша?
Последние статьи автора