Көмекші аспазға сауықтыру ақысы төленуі тиіс пе?
Балабақшада екі аспаз жұмыс істейміз. Бас аспазға сауықтыру ақысын төлейді, ал көмекші аспазға төлемей отыр. Осы дұрыс па?
Мәдина АСҚАРОВА, Оңтүстік Қазақстан облысы
Еңбекті нормалау және еңбекке ақы төлеу басқармасының сарапшы маманының мәліметінше, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 239-бабына сәйкес, мемлекеттiк бюджет есебiнен ұсталатын азаматтық қызметшiлерге лауазымдық жалақысы мөлшерiнде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып, ұзақтығы күнтiзбелiк 30 күннен кем болмайтын жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы берiледi. Азаматтық қызметшiлерге сауықтыруға арналған жәрдемақы күнтiзбелiк жылда бiр рет төленедi. Кодекстің 1-бабында азаматтық қызметшi – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қазыналық кәсiпорындарда, мемлекеттiк мекемелерде ақылы штаттық лауазымда iстейтiн және олардың мiндеттерi мен функцияларын iске асыру және мемлекеттiк органдарға техникалық қызмет көрсетудi жүзеге асыру мен олардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету мақсатында лауазымдық өкiлеттiктердi жүзеге асыратын адам деп белгіленген. Азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізбесі (бұдан әрі – Тізбе) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 27 қыркүйектегі №850 қаулысымен бекітілген. Тізбеге сәйкес, азаматтық қызметшілерге мамандармен қатар техникалық орындаушылар және жұмысшылардың жұмыстары мен кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығына сәйкес, еңбегі кәсіби даярлық пен арнайы білімді талап ететін білікті жұмысшылар кіреді.
Жұмысшыларды білікті және білікті емес жұмысшыларға жатқызу бойынша шешімді, әрбір нақты жағдайларда, тарифтік-біліктілік сипаттамасы негізінде ұйымның біліктілік комиссиясы қабылдайды. Осыған орай, егер жоғарыда аталған комиссия шешімімен жұмысшының кәсібі білікті жұмысшыға жатқызылса, оған жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы берiлген кезде лауазымдық жалақысы мөлшерiнде сауықтыруға арналған жәрдемақы төленуі тиіс.