Комедияның қанша түрі бар?
Алғашқы кинокомедиялар қашан пайда болған және бұл жанрдың қандай түрі бар?
Нұржан ҚҰНЫПИЯНОВ, Алматы қаласы
Кинокомедия – көрерменді күлдіретін, көңіл күйді көтеретін фильмдер. Бұл – кинофильмдердің ең негізгі жанрының бірі. Комедия кинематографиямен бірге пайда болды десек те қателеспейміз. Жалпы, киноның пайда болғанына бір ғасырдан асты. Бірінші болып кинокомедияларды Франция түсіре бастаған. Есімі барша елге танылған сол кездегі алғашқы әзілкеш – Андер Дид. Алғашында комедиялық фильмдер үнсіз болған, бірақ сонда да мұндай фильмдерді көрермен жақсы қабылдайтын. Үнсіз кинокомедияның алғашқы әзілкеші – Чарли Чаплин. Комедия жанрының бірнеше түрі бар. Пародия – басқа бір жанрды комедияға салып өзгерту. Романтикалық комедия – махаббат туралы күлкілі фильмдер. Трагикомедия – комедиялық эпизодтар мен трагедиялық эпизодтардың қабысуы. Қорқынышты комедия – күлкілі эпизодтар мен қорқынышты эпизодтардың қатар келуі немесе қорқынышты фильмдерге пародия жасайтын күлкілі фильмдер. Криминалды комедия – кейіпкерлері гангстер, ұры, полиция болып келетін криминалдық элементтері бар комедиялық фильмдер. Музыкалық комедия – арасында ән көп орындалатын, музыкасы басым күлкілі фильмдер. Ресей кинокомедиясының көшбасшылары Эльдар Рязанов пен Георгий Данелия десек, қазақ кинокомедиясының белді режиссері ретінде Шәкен Аймановты атай аламыз.