Комедиялық фильмдер алғаш қай елде түсірілген? Ал қазақтың тұңғыш комедиясын кім түсірген?
Әсел ҚАЙРАТҚЫЗЫ, Астана қаласы
Жалпы, әлемдік кино өнерінің тырнақалды фильмдері комедиялық жанрдан бастау алды десек болады. Көркемсуретті кино өнерінің алғашқы қадамы ағайынды Люмьерлердің комедиялық элементтері бар «Политый поливальщик», Жорж Мельестің шытырман оқиғаға толы фантастикалық фильмдерімен басталғаны белгілі. Комедия жанрында түсірілген фильмдер халықтың сүйсіне көретін шығармаларына айналды. Чарли Чаплин, Бастер Китон, Григорий Александров, Иван Пырьев, Григорий Данелия т.б. режиссерлердің фильмдері кино өнерінің алтын қорына енді. Яғни комедия жанры арқылы уақыт белгісін, қоғам тынысын, халықтың мұң-мұқтажын, арман-мүддесін, жақсылық пен жамандықтың, ақ пен қараның, әділдік пен әділетсіздіктің ара-жігін әзіл-әжуамен жеткізу көрерменді экранға жақындатудың бірден-бір жолы болды. Ал қазақ киносының тарихында комедия жанрының ең бір шарықтаған тұсы өткен ғасырдың алпысыншы жылдары екендігі баршаға аян. Осы кезеңде дүниеге келген «Тақиялы періште», «Біздің сүйікті дәрігер», «Алдар көсе» сияқты Шәкен Аймановтың фильмдерінен кейін комедия жанрында түсірілген айтулы шығармалар қазіргі таңда жоқтың қасы.