Көктөбе телемұнарасының іргетасы қашан қаланған және оның биіктігі қанша?
Дәурен Ермекбайұлы, Алматы қаласы
Алматы қаласының телемұнарасы 1982 жылы салынған. Теңіз деңгейінен 1080 метр биіктікте орналасқан, биіктігі 372 метр, салмағы 45 мың тоннаны құрайтын мұнара
9 балды жер сілкінісіне төзімді. 2009 жылы телемұнара архитектуралық ескерткіштер реестріне енгізілген. Басты қызметі – Алматы қаласы мен жақын аймақтарға 100 м және одан қашық қашықтықта телерадио тарату. Жоба бойынша телемұнарадан алты телевизиялық және төрт радиоарна ақпарат таратқан. Антенно-фидерлік трактты күрделі жөндеуден өткізу арқылы қазіргі кезде он төрт телевизиялық және он бір радиоарналар ақпарат таратуда. Даму жоспарлары – сандық ақпарат таратуға көшу және қалаға сандық ақпарат тарату қызметін көрсету. Бүгінгі таңда телемұнарада қала көрінісін тамашалау алаңы ашылмақ. Оның биіктігі – 176 метр. 2011 жылы бұл ғимарат туристерге арналған әлемдегі ең танымал нысан болады деп жоспарлануда. Мұнараның екінші және үшінші қабаттарында 2011 жылғы Азиаданың баспасөз орталығын орналастыру мәселесі қарастырылуда. Ал ол Азиада ойындары біткен соң, әлемдегі ең ірі баспасөз орталықтарының біріне айналмақ.