Көк тiреген Көктөбе мұнарасына – 25 жыл
Көктөбедегi мұнара қай жылы салынды және ол қандай қызмет атқарады?
Толқын ЕРЛАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы
Алматыдағы бұл телемұнараның құрылысы 1978 жылы басталып, 1982 жылы аяқталған. Алайда тек 1984 жылы ғана пайдалануға берiлдi. Мұнараның биiктiгi 372 метрдi құрайды. Ал жотаның биiктiгiмен қосқанда, 1452 метр сонардан үшкiр шыңы мен мұндалайды. Мұнараның салмағы 70 мың тонна, iргесi темiр бетоннан қаланған. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы Дiнмұхаммед Қонаевтың «Iле Алатауы бөктерiнiң көркiн келтiретiн телемұнара салынса» деген арманынан туған бұл сәулет ескерткiш 10 балға дейiнгi зiлзалада да мыңқ етпейдi. Жалпы жоба құрылысына 600 млн сом жұмсалыпты. Телевизиялық мұнара радиотелехабар тарату кешенi болып табылады. Оны еркiн аралап, танысуға рұқсат етiлмейдi. Ал түнгi уақытта да мұнараны үлкен-үлкен прожекторлар жарықтандырып тұратындықтан, оны қаланың кез келген нүктесiнен көруге болады.