Көптен бері қызықтырып жүрген бір сауалым бар еді. Әлі күнге жауабын таба алмай келемін. Кейбірі футбол әлемінде ең жойқын соққы Роберто Карлосқа тиесілі десе, кейбірі Криштиану Роналдудың соққысын атайды. Сіздер не дейсіздер?
Бауыржан Исмаилов, Тараз қаласы
Иә, Роберто Карлостың соққысы жойқын. Мәселен, 1997 жылы Франция құрамасының қақпасына айып добын орындаған бразилиялықтың соққысы сағатына 137 шақырым жылдамдықпен ұшып, доп қақпаға дәл тоғытылыпты. Одан бөлек, «Реал» сапында Францияның «Марселіне» соққан голы сағатына 198 шақырым жылдамдықпен ұшыпты. Дегенмен 2010 жылғы әлем чемпионаты кезінде Австралия құрамасына гол соққан Германия шабуылшысы Лукас Подольскидің соққысы одан да жойқын шығып, сағатына 201 шақырым жылдамдықпен ұшқан. Австралиялық қақпашы Марк Шварцер қабағын қағып та үлгермеген. Сөйтіп, бұл соққы футбол әлеміндегі ең жойқын соққы ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Алайда бұл да футбол әлеміндегі ең жойқын соққы болып табылмайды екен. Германияның «Гертасында» өнер көрсететін бразилиялық Ронни Фуртадоның орындаған айып добы сағатына 210 шақырым жылдамдықпен ұшыпты. Бірақ ол 2006 жыл болатын және ол кезде Ронни «Гертада» емес, «Коринтианс» сапында өнер көрсететін. Сондай-ақ гол ресми кездесуде соғылмағандықтан, Рекордтар кітабына енген жоқ. Айта кетейік, көпшілігі соққысы жойқынға балап жүрген Криштиану Роналдудың соққысы сағатына 130 шақырым жылдамдықты құрайды екен.
Айтпақшы, зерттеушілер футболшы допты қанша жойқын күшпен тепсе де, оның еш сүйегіне зақым келмейтінін айтуда. Ары кетсе, сіңірі созылуы мүмкін екен.
Кімнің соққысы жойқын?
Последние статьи автора