Кездейсоқтық деген Құдайдың лақап аты. Өз атымен жазғысы келмегенде сол атын пайдаланады.
Ғалам екі адамды жолықтырғысы келсе, неше түрлі амал жасайды. Баспана, жұмыс, көңіл жарастыратын жан іздеп, көп адам өз үйінен алысқа кетіп жатады. Дегенмен сол сәтте Жаһандық сахнаның сыртында Ол бізге беймағлұм жолмен лайық адамдарды жолықтырудың жоспарын құрып үлгереді.
Кездейсоқ жағдай болмайды. Сәйкестік – өзін білдіргісі келмейтін Жаратқанның ойлап тапқан ғажап оқиғалары. Құдайдың жоспарында кездейсоқтық ешбір рөл ойнамайды. Сенің өміріңде болатын әр жағдай – ниетің мен ойыңнан туған нәтиже.
Жүрек қалауын орындағың келгенде, бүкіл Ғалам мұны қолдап, қолпаштайды. Сенің қалауыңдағы барлық оқиғаны Ғалам өз қабылдауымен орындап отырады.
Құдай сенің мекен-жайыңды біледі. Әрбір тиянақты шешімің Үлкен Анықтамалыққа енгізіледі. Қолдан келгеннің бәрін жаса, ұсақ-түйегін Ол түгендеп береді.
Адам ниетіне жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, қалғанын Оған қалдырған кезде, небір ғажап орындала бастайды. Дұға қыл, жоспарла, ниетіңді түзе, шамаң жеткеннің бәрін жаса. Қалғаны өз бетінше дами берсін – не нәрсені де керек жерінде еркін босатып жіберу керек. Ол да дұға сияқты маңызды. Өз жолыңда кездестірген әр адам – сен жазған сценарийдегі рөлді сомдаушы. Сенің бір ғана жұмысың бар – сценарийді үнемі жетілдіріп отыру. Сонда фильм ойдағыдай шығады. Бұл киноның режиссурасы сенің мойныңда.
Аударған Шынар Әбілдә
Фейсбуктегі парақшасынан