Теледидардан керлинг ойынын жиі көремін. Әу баста түк түсінбей, мүлде қарамаушы едім, кейіннен көретін болдым. Қай елден шыққан ойын? Спортшылар неге таспен қоса сырғанайды? Боулинг шары сияқты неге сермеп жібермейді?
Дәурен НҰРГЕЛДІҰЛЫ, Алматы
Кёрлинг–Шотландиядан шыққан ойын. ХVІ ғасырдан бастап шотландиялық фермерлер қыс бойы гранит тастарды көл бетіне қатқан мұз үстімен сырғанатып, сайысқа түскен. «Кёрл» сөзі шотланд тілінен аударғанда, «айналдыру», «шиыру» сөздерін білдіреді. Тасты белгілі бағытқа дұрыс айналдырып жібере білу – ерінбей тер төгудің арқасында ғана қол жеткізуге болатын өнер. Бұл – командалық (ұжымдық) ойын. Әр команданың сапында төрт адамнан болады. Мұнда тасты лақтырмау керек және итеруге де (сермеуге де) болмайды. Оны тек мұз бетімен сырғанату керек. Бұл ойын – ұзындығы 44,5 метр тік бұрышты мұз айдын үстінде ойналады. Гранит тастың салмағы – 20 келі. Екі команда тастарды қарсы беттегі «үйдің» орталығына қарай неғұрлым жақынырақ орналастыруға тырысады. «Үйдің» орталығына неғұрлым жақынырақ орналасқан тастар ғана ұпай әкеледі. Қалғандары есепке алынбайды. Әрбір спортшы тасты қолына ұстап, тасты тайғанақ мұз бетімен сырғанатып жіберуі керек. Тек аяқпен ғана екпін алуға рұқсат беріледі. Қалған бос ойыншылар тастың жолын ысқылап, мұз бетін өте ұсақ кедергілерден тазартып, оның жылжуына мүмкіндік жасайды. Ысқылаудың өзі толық бір ғылым іспетті. Жалпы, кёрлинг – қара күшті емес, дәлдік пен айла-тәсілді қажет ететін ойын.
Кёрлинг 1988 жылдан бері Олимпиадалық ойындар бағдарламасына енгізілген. Қазақстанда дамытылып, әртүрлі деңгейдегі турнирлер өткізіліп келді. Тек кейінгі екі жылда мұндай турнирлер толыққанды өткізілмей қалды.
Кёрлинг деген қандай ойын?
Последние статьи автора