Кентавр – ат үстіндегі арғы түркілер
Түркілердің алғашқы болып атты қолға үйреткені қазір ахеологиялық деректермен дәлелденіп жатыр. Алайда грек аңыздарындағы кентавр бейнесінің түркілерге қатысы бар ма?
Айнұр ОМАРОВА, студент
Грек аңыздарының барлығында кентаврлардың екі қырлы табиғаты ашылады. Бірінші олардың ерекше физикалық қуаты сипатталса, екіншісі олардың мәдениет атаулысына жаны қас жабайы ретінде сипатталады. Алайда олардың да арасында кемеңгерлері мен әлем жаратылысының құпиясын сақтаушы данышпандар да бар екені мойындалады. Өзің жаулап алған елді қаралай отырып жазу – жеңіліс тапқан жұрттың тарихшыларына тән құбылыс. Кентаврлар жайлы ақпарат ескі Еуропа әлемін дүр сілкіндіріп, ұлы үрейге бөледі. Отырықшы еуропалықтар үшін кентаврлар деген бөлек мәдениет иесі, салт-дәстүрі мен өзгеше дүниетанымы бар бейтаныс адамдар болып шықты. Егер ең алғаш атқа қонған адамдар – сақтар болса, ең алғаш Еуропаға үлкен соққы берген кентаврлар біздің ата-бабамыз – ғұндар болған десек, артық айтқандық емес. Аммиан Марцеллин біздің аталарымызды суреттей келе: «Бұлар – соншалық дүлей күштің иесі. Олардың мойындары жуан, дене бітімі мығым, сымбатты келеді. Ат үстінен түспейтін бұл қорқынышты адамдарды төрт аяқты хайуан деп те қаласың. Олар от жағып, ас әзірлемейді, жартылай қақталған етті тақымына басып алып, ат үстіне күнелтеді. Олардың тым құрығанда, төбесі қамыспен жабылған үйі де жоқ, бесіктегі баласы туа сала аштық пен шөлге төтеп бере алатындай тәрбиеде өседі» – дейді.