Итмұрынның жүрек ауруына пайдасы қандай?
«Итмұрын тұнбасы мен содан жасалған сусындардың жүрекке пайдасы бар» дейді. Дәстүрлі медицина бұл жөнінде не дейді? Оны қолданудың тәртібі қандай?
Жадыра МҰХТАРҚЫЗЫ, Қарағанды қаласы
С дәруменіне бай итмұрынның медицина үшін құнды шикізат екені белгілі. Итмұрынның майлы экстракты – жүйке жүйесі, тері мен кілегейлі қабық жарақаттарына бірден-бір ем. Сонымен бірге бұл дәрілік өсімдіктен өт, ішек жолдарын тазартатын, ағзаны нығайтатын, өкпе, бүйрек, бауыр жұмысын жақсартатын препараттар жасалады. Халықтық медицинада итмұрын тамырының қайнатпасы іш құрылысындағы тастар мен безгек сияқты жұқпалы ауруларға қарсы дәрілік сусын бола алады. Итмұрын шырыны гемоглобинді көтереді. Бұған қоса бұл шөптің сығындысы семіз адамдарды жүрек талмасынан қорғайды. Жүрегі ауыратын және қан қысымы жоғары адамдар итмұрын тұнбасын күніне 40 г-нан алты апта бойы ішуі керек.