Іссапар шығыны қалай төленеді?
Түрлі мекеме-кәсіпорындарда қызметкерлердің іссапарға шығуына байланысты төленетін ақы мөлшері әртүрлі. Негізінде, іссапар шығыны қалай төленуі тиіс?
Асқар АСАНБЕКҰЛЫ, Солтүстік Қазақстан облысы
ҚР Еңбек кодексінің 1-бабына сәйкес іссапар – жұмыс берушiнiң өкiмi бойынша қызметкердi тұрақты жұмыс орнынан тыс жерге белгілі бір мерзімге еңбек міндеттерін орындау үшiн жіберу, сондай-ақ қызметкердi басқа жерге оқуға, біліктілігін арттыруға немесе қайта даярлауға жіберу. Кодекстің 152-бабына сәйкес іссапар уақытында қызметкердiң жұмыс орны мен жалақысы сақталады.
Іссапарларға жіберілетін қызметкерлерге:
– қызметтік іссапарда, оның ішінде жолда болған күнтізбелік күндері үшін тәуліктік төлемдер;
– баратын жеріне дейінгі және кері қайтудағы жол жүру шығыстары;
– тұрғын үй жалдау шығыстары төленедi.
Қызметкерлердi iссапарларға жiберудiң талаптары мен мерзiмдерi еңбек шартымен, ұжымдық шартпен немесе жұмыс берушiнiң актiсiмен айқындалады. Мемлекеттік мекемелерде іссапар шығыстарын төлеу тәртібі ҚР Үкіметінің 2000 жылғы 22 қыркүйектегі №1428 «Мемлекеттiк бюджеттiк есебiнен ұсталатын мемлекеттiк мекемелер қызметкерлерiнiң, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттарының Қазақстан Республикасының шегiндегi қызметтiк iссапарлары туралы ереженi бекiту туралы» қаулысымен бекітілген.