Іссапар шығындары қалай төленеді?
Мемлекеттік қызметкер жұмыс бабымен іссапарға мекеме көлігімен барса, оған іссапардың шығындары қалай төленеді?
Расул МАХМУДОВ, Алматы облысы
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбекті нормалау және еңбекке ақы төлеу басқармасының сарапшысы А.Е.Юсупованың мағлұматына қарағанда, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 152-бабына сәйкес іссапарларға жiберiлетiн қызметкерлерге:
1) қызметтiк iссапарда, оның iшiнде жолда болған күнтiзбелiк күндерi үшiн тәулiктiк төлемдер;
2) баратын жерiне дейiнгi және керi қайтудағы жол жүру шығынды;
3) тұрғын үй жалдау шығынды төленедi.
Қызметкерлердi iссапарға жiберудiң талаптары мен мерзiмдерi еңбек шартымен, ұжымдық шартпен немесе жұмыс берушiнiң актiсiмен айқындалады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 22 қыркүйектегі №1428 «Мемлекеттiк бюджеттiк есебiнен ұсталатын мемлекеттiк мекемелер қызметкерлерiнiң, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттарының Қазақстан Республикасының шегiндегi қызметтiк iссапарлары туралы ереженi бекiту туралы» қаулысының 9-тармағына сәйкес, қызметкердiң iссапарға жiберiлген орынға жетуi және тұрақты жұмыс орнына қайтып келуi бойынша (әкiмшiлiк iссапарға жiберiлушiге қозғалыс құралдарын берген жағдайлардан басқа жағдайларда) шығындары өтеледi.