ИКҰ құру идеясы қашан басталды?
Ислам Конференциясы Ұйымы қашан құрылды және оның құрылуына қандай себептер әсер етті?
Шолпан Кәменова, Алматы
ИКҰ-ның құрылу тарихын ХХ ғасырдың 20-жылдар ортасынан бастауға болады. Бүкіләлемдік исламдық конференция 1926 жылы шақырылып, оның бірінші отырысы Меккеде өткізілді. Кейін Иерусалимде, Карачиде және Могадишода сессиялар шақырылып, мұсылман елдерінiң арасындағы ынтымақтастықты орнату және ықпалдасу мәселелері қаралды. 1953 жылы ұйым ислам конференциясының форумы болып қайта құрылып, оның отырыстары Иерусалимде және бірқатар араб елдерінде өткізілген. 1955 жылы Жалпы ислам конференциясы, ал кейін бірқатар басқа да исламдық ұйымдар құрылған. Дегенмен олардың ешқайсысының халықаралық саяси үдерістерге жеткiлiктi ықпалы болмады. 1969 жылы қыркүйекте Сауд Арабиясы Королі Фейсалдың бастамасымен, Рабатта (Марокко) 26 ислам елiнiң басшылары жиналды. Исламның қасиетті орындарының бірі – «Әл-Акса» мешiтіне қастандықты айыптап, олар негізгі мақсаты бүкіл әлемде исламды қорғау мен қолдау болып табылатын, ал Иерусалимді азат ету соның нышаны болатын жаңа исламдық ұйымды құру жөніндегі шешім қабылдады. Рабатта марокколық тараптың бастамасымен, жаңа ұйымды құрудың нақты мәселелерін шешу мақсатында, ислам мемлекеттері сыртқы істер министрлерінің кеңесін Жидда қаласында 1970 жылдың ақпанында шақыру туралы келiсiмге, сондай-ақ жаңа халықаралық органды – Ислам Конференциясы Ұйымын (ИКҰ) құру туралы келісімге қол жеткізілді.