Ядролық қаруды таратпауға төрт ел қосылмай тұр
Ядролық қаруды таратпау мәселесін Қазақстан жиі көтереді. БҰҰ-ның Бас хатшысының сапары кезінде де ядролық қауіпсіздік мәселесі талқыланды. Жалпы, ядролық қаруды таратпау туралы ұйым не болмаса келісімдер бар ма?
Ерболат БЕЙБІТ, Алматы
Біріккен Ұлттар ұйымының қарусыздану комитетінің әзірлеген халықаралық акт – «Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісім» бар. Бұл құжат 1968 жылы 12 маусымда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында мақұлданып, 1 шілдеде Мәскеу, Вашингтон және Лондон қалаларына қол қоюға жіберілді. Сол жылы 43 мемлекет қолдап, аталған құжатты ресми түрде рәсімдеді. Ал Франция мен Қытай жағы 1992 жылы қосылды. 1995 жылы аталған келісімге қатысушы 170-тен аса қатысушы елдер бұл құжаттың мерзімін мәңгілік етуге келісті. «Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге» Израиль, Үндістан, Пәкістан және Солтүстік Корея қосылмайды.