Homo Ludens кім?
Ғаламторда Homo ludens деген тіркесті жиі кездестіремін. Бұл адамдардың белгілі бір тобына қатысты айтылатын болуы керек. Соның мағынасын білейін деп едім.
Нұрлан Иманғалиев, Ақтөбе қаласы
Қазіргі психология ғылымы мұндай терминді құмар ойындарына құныққан адамдарға қатысты қолданады. Атау 1938 жылы жарық көрген голландиялық тарихшы әрі мәдениеттанушы Йохан Хёйзингтің әйгілі трактатынан алынған. Бұл еңбек ойын атаулының табиғаты мен оның адам өркениетіндегі әмбебап мағыналарына арналған болатын. Құмар ойындары деп, мамандар ұтысы қатысушылардың шеберлігіне тәуелді емес, кездейсоқ сәттіліктің арқасында ғана жеңіп шығуға болатын ойын түрлерін айтады. Ойын автоматтарын, бейнепокерді, казиноны, шаттауық ойынын («алик-малик-шарик») және лотереяны құмар ойындары деп тану қалыптасқан. Психологтардың дәлелдеуінше, мұндай ойындар адамның жүйкесіне айтарлықтай ықпалын тигізеді. Кездейсоқ сәттілікке сенген ойыншылар оның ақырына жету үшін бар байлығын, рухани құндылықтарын да сарп етуге дайын болады. Қазіргі уақытта елімізде Homo ludens-терге кеңес берумен және оларды емдеумен айналысатын психологиялық орталықтар бар.