Гендерлік теңдік жөнінен ТМД-да тұғырымыз биік
Қазақтың дәстүрлі қоғамында ер мен әйелдің өз орны белгіленіп, тепе-теңдігі қамтамасыз етілген. Жаһандану кезінде еліміздегі ер мен әйел теңдігі қалай?
Маржан БЕКДІЛДАЕВА, Алматы
Еліміз биылғы Global Gender Gap 2010 рейтингінде жыныстық теңдік жөнінен ТМД шеңберінде тек Молдовадан қалып қойды. Global Gender Gap 2010 тізіміндегі 134 елдің ішінен Молдова 34-тұғырдан көрінсе, Қазақстан қол жеткізген меже 41-орын. Бізді өкшелеп келе жатқан Ресей 45-орынды иеленсе, Қырғызстан 51-інші, Украина 63-інші, Армения 84-інші, Тәжікстан 89-ыншы, Әзірбайжан 100-інші орында. Айта кету керек, Белоруссия мен Өзбекстан соңғы мәліметтердің жоқтығынан бұл тізімге кірмей қалды.
Жыныстар теңдігі бойынша Исландия, Норвегия, Финляндия және Швеция алғашқы орындарға тұрақтады. Еуропа елдерінен Германия 13-інші, Британия 15-тұғырды бағындырса, Франция 46-ыншы, Италия 74-інші орынға құлдилады. Нәзікжандылардың табысы жоғары саналатын АҚШ рейтингте 19-орында. Айта кету керек, гендерлік теңдік таразыға тартылған рейтингте ер мен әйел арасындағы ресурстар мен мүмкіндіктердің арасалмағы бірінші кезекте ескерілді.