Фьючерс деген не?
Телеарналарда бидай фьючерсі пәлендей болды деп жатады. Фьючерс деген не?
Қалмырза СӘРСЕНОВ, Алматы
Фьючерс – ағылшынның future – болашақ деген сөзінен шығады. 1, 2 немесе 3 айдан кейін жеткізілетін бидайды қазір сатуға болады. Баға өзгеріп кетсе де, тараптар бүгін келіскен бағаларына тоқтаулары тиіс. Мұндай мәміле болашақта бидай қымбаттап кетер деп қауіптенген наубайхана иелері немесе арзандап кетер деп ойлайтын шаруалар үшін тиімді. Фьючерстік келісімшарт тек биржада бекітіледі. Мысалы, Еуразиялық тауар биржасында 21 сәуір күні 3 айдан кейін жеткізілетін 3-класты бидайдың тоннасы 12 700 теңгеге, 4 айдан кейін жеткізілетін 4-класты бидайдың тоннасы 11 600 теңгеден сатылған. Сатушы мен сатып алушы осы аралықта баға өсіп кетсе де, түсіп кетсе де осы мәміледен бас тартпай, біреуі қаржысын толық төлеп, екіншісі бидайды жөнелтуі тиіс. Тараптардың айнып қалуынан сақтану мақсатында фьючерстік келісімдер бекітерде екі жақ та мәміле құнының 10 пайызын трейдер есебіне құяды. Межелі уақыт жеткен кезде бидай бағасы өсіп кетіп, шаруа өнімін бергісі келмей қойса, кепілдіктегі қаражат өтемақы ретінде сатып алушыға беріледі. Сатып алушы айнып қалса, қаражат шаруаға тиеді.