Фандрайзинг қайсысы, франчайзинг қайсысы?
Қазір фандрайзинг, франчайзинг деген түсініксіз терминдер көп айтылады. Мағынасын ашып берсеңіздер.
Болат М., Алматы
Фандрайзинг – ағылшынның fund (қаражат,қор) және to raise(табу, жинау)деген сөздерінен құралған. Белгілі бір жоба немесе бағдарламаға қаржы іздестіру мағынасында қолданылады, басқаша айтсақ, «ақша сұраудың» сыпайы формасы. Көбіне мұнымен мемлекеттік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер айналысады. Қаржы халықаралық қайырымдылық қорларынан, мемлекеттік бюджеттен, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу арқылы, коммерциялық банктерден тартылады. Осы істің білгірлері: «Ешқашан тек бір ақша көзіне арқа сүйемеңіз, жобаның жоспарын тартымды етіп жазып, үнемі және жан-жақтан қаржы сұрай беру керек»,– деп кеңес береді.
Франчайзинг –француз сөзі, «бостандық»деген мағына береді. Әлемде танымал болған тауар немесе қызмет түрін Қазақстан аумағында сатуға мүмкіндік береді. Мысалы «Рамстор» дүкені, Intercontinental қонақ үйі, Savage, Sela киім маркалары елімізде осы әдіс бойынша жұмыс істейді. Бренд иесі дүкен немесе дәмхана стилін, тағам немесе қызмет сапасын қатаң қадағалайды. Еліміздегі франшизалық жобалардың 15 пайызы –50 000 долларға дейінгі, өзгесі 250 мың мен 1 миллион доллар инвестиция жұмсау арқылы ашылған екен.