Ет жемейтіндер қай дінді ұстанады?
Ет жемейтіндерді «вегетариан» деп атайтыны белгілі. Менің білгім келетіні, олар қандай дінді ұстанады?Нұржан СӘКЕНҰЛЫ, Өскемен қаласы
Иә, тек өсімдік, жеміс-жидек, көөкөніспен қоректенетіндерді вегетариандар деп атайды. Кейбіреулері тіпті сүт те ішпейді, жұмыртқа да жемейді. Олардың пайымдауынша, адамдар тек мұз дәуірінде өсімдіктер жойылып кеткен кезде ет жей бастаған деседі. Ет пен балықтан вегетариандар біріншіден, өздерінің денсаулығы үшін, екіншіден, өздерінің жеке этикалық ұстанымы үшін бас тартқан. Алғашқы себебі баршамызға түсінікті, ал этикалық ұстанымдары дегеніміз не? Мұны түсіну үшін бірнеше ұлы адамдардың жазбаларынан мысал келтіре кетейік. Айталық, орыстың ұлы жазушысы Л.Н.Толстой нағыз адамгершілік қатігездікпен қатар тұра алмайтынын айта келіп, ол «еттен бас тарту арқылы адам баласы барлық тіршілік иесін өлтіруге қарсы шығады» деп жазған. Ағылшынның белгілі драматургі Бернард Шоу да дәл осындай ойда болған. Ол: «Адам бейкүнә тіршілік иесінің өлігін жемеу керек», – деген еді. Вегетариан болған тағы бір ұлы адамның бірі – Алберт Энштейн. Вегетариандар ең алғашында буддизм, индуизм, джайнизм секілді діндерді ұстанатын елдерден шыққан екен. Алайда мұны барлық буддистер еттен бас тартқан деп түсінуге болмайды. Сондай-ақ философиялық мектептердің өкілдерінің арасында да вегетариандар болды. Бүгінде вегетариандар әлемнің кез келген елінде бар. Негізінен, Еуропа елдерінің бірқатарында вегетариандар өте көп. Мысалы, 60 миллион халқы бар Ұлыбританияда 3,5 миллионнан астам вегетариан бар екен.