Ерменнің пәрмені күшті
Қазір – аллергиялық аурулардың өршіп тұрған шағы. Тыныс жолдарын зақымдайтын бұл дертті негізінен ермен шөбі қоздырады деп естідім. Ермен қайда өседі және оның ерекшелігі неде?
Жанпейіс БАЙМҰРАТ, Алматы қаласы
Ермен шөбі өте зиянды карантинді шөптер тобына жатады. Ол – адамдардың қатысуынсыз мәдени дақылдармен бірге өсуге бейімделген ерекше өсімдіктердің бір түрі. Мұндай арамшөптер топырақтан керекті қоректік заттар мен ылғалды бойына тез сіңіреді де, жер өңдеу, егін жинауды ауырлатады, дақылдың өнімі мен сапасын төмендетеді. Сондықтан да қазақтар ерменді ойраншөп деп те атайды.
Ермен – бір жылдық шөп, күрделі гүлдер тобына жатады. Оның сабағы тік, көп тармақты, жапырағы тарамдалған, жапырағының үстіңгі жағы қою жасыл, астыңғы жағы сұрлау. Өсімдіктің биіктігі 2 метрге дейін өседі, тамыры 4 метр тереңдікке дейін жетеді. Құрғақшылық жылдары зияндылығы өте зор. Ермен тұқым арқылы таралады, жылу сүйгіш, 8-10 градус жылылықта сәуір айының аяғы, мамырдың басында жер бетіне шыға бастайды. Шөп шілде-тамыз айларында гүлдейді, дәні қыркүйек-қазан айларында толық піседі. Өсімдікті орып алғаннан кейін де шөп өсе береді де, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімін 40-60%-ға дейін төмендетеді. Отаны – Солтүстік Америка. Осы жерден Азияға, Еуропаға таралған. Қазақстанда Алматы облысында, Алматы қаласында және басқа аудандарда 6100 гектар жерде өседі. Өсімдік гүлдеген кезде олардың миллиардтаған тозаң тәрізді ұсақ тұқымдары ауа, жел арқылы айналаға тарайды, адамдардың денсаулығына зор зиян келтіреді. Ермен поллиноз, ринит, конъюктивит, демікпе сияқты аллергиялық аурулардың қоздырғышы болып саналады.