Энцо Беарзот өмірден өтті
Мен ардагер футбол жанкүйері едім. Кеше «Италияның атақты жаттықтырушысы Энцо Беарзот қайтыс болды» деп естідім. 1982 жылы әлем чемпионы болған осы білікті бапкердің командасы әлі көз алдымда. Қандай команда еді?! Содан бері осы бапкерге тәнті болып жүруші едім. Нешеге келді екен, марқұм?
Оралбек БІРЖАНОВ, Алматы облысы
Италияның әйгілі бапкері Энцо Беарзот 1927 жылы 27 қыркүйекте туған болатын. Білікті бапер 83-тен асқанында, яғни 2010 жылы 21 желтоқсанда қайтыс болды. Өмірінің соңғы жылдары қатты ауырыпты.
Италия футболшылары мен жанкүйерлері білікті бапкердің қазасына қайғырып, көңіл айтуда. Бірі «әкемдей болып еді» десе (Паоло Росси), екіншісі «менің бағымды ашқан» дейді (Джузеппе Бергоми).
Кезінде өзі футболшы болған, Италия құрамасының сапында бір ойын өткізген. 1964 жылдан бастап бапкерлік карьерасын бастап, Т алия құрамасының тізгінін 1975 жылы қолына алған. «Скуадра адзурра» командасымен 1978 жылғы әлем чемпионатында төртінші орын алып, 1982 жылғы мундиальда чемпион атанған. 1986 жылғы әлем чемпионатында Италия құрамасы ширек финалда сүрініп, Энцо Беарзот өз еркімен қызметінен кеткен. Негізі, сол кезде оның келісімшартының мерзімі төрт жылдан кейін ғана түгесілуі тиіс еді.
Беарзоттың жетекшілік етуімен Италия құрамасы 104 ойын өткізіп, соның 51-інде жеңіске жеткен. 28 матч тең аяқталып, 25 ойында «Скуадра адзуррамен» бірге жеңілістің кермек дәмін татқан еді.
Сіздей көнекөз жанкүйерлердің атынан біз де марқұмға топырағыңыз торқа, жаныңыз жаннатта болсын демекпіз.