Өзіміз аса мән бермегенімізбен, күнделікті өмірімізді қағазсыз елестету мүмкін емес. Сондықтан маған қағазды кім ойлап тапқаны жайында және қағаз өндірісі қай елде, қашан пайда болып, қалай дамығаны жайында айтып берсеңіздер екен?
Адамзат баласы қағаз пайда болғанға дейiн жазуды пергаментке жазды. Ол иi қанып әбден иленген қой мен бұзау терiсiнен жасалынатын. Одан кейiн алғашында гректер, римдiктер, египедтiктер кеңінен пайдаланып келген папируспен ауыстырылды. Бірақта папирус пен пергаменттi өндiру өте қымбатқа түсетiн едi. Ал қытайлар кiтапты бамбуктан жасады. Ондай кiтаптың салмағы ауыр және қолдануға өте ыңғайсыз болатын. Кейде кiтаптар жiбек матаға да жазылып жүрдi, бiрақ ол кiтаптар күнделiктi өмірде пайдалану үшін қымбатқа түстi. Жазу үшiн лайықты заттың болмауы әлемдегі мәдени прогрестiң дамуына үлкен кедергi болып келдi.
Ең алғаш қағаз Қытайда өндірілді. Оны ойлап тапқан адам Цай Лунь еді. Цай Луньның өмірбаяны туралы мәлiмет өте сирек. Қытай деректерiнiң айтуына қарағанда, ол Қытай император сотында қызмет істеген. 105 жылдар шамасында император Хо Диге алғашқы қағаз үлгiсiн сыйға тартқан. Өмiрiнiң соңында сарай iшiндегi түрлi арандатушылық әрекеттерге тап болады. Атына кiр келтірген қитұрқылыққа шыдай алмаған Цай Лунь у iшiп өледі.
Бiздiң дәуiрiмiздiң екiншi жүз жылдығында Қытайда қағаз кең түрде қолданылды. Содан кейiнгi жүз-жылдықтарда қытайлықтар қағазды Азиядағы басқа елдерге шығара бастаған. Олар ұзақ уақыт бойы қағазды дайындау технологиясын құпияда ұстап келдi. Алайда 751 жылы арабтар Қытайдың бiрнеше қағаз дайындайтын кәсiпорындарын басып алғаннан кейiн, Бағдад пен Самарқандта да қағаз шығарыла бастады. Көп ұзамай қағаз өндiру өнерi бүкiл араб әлемiне тарады. ХІІ ғасырда бұл өнердi арабтардан еуропалықтар үйренеді. Бiртiндеп қағаз көптеген елде пайдаланыла бастады. Ал Иоганн Гутенбергтің кiтап басып шығаратын жаңалығынан кейiн, қағаз пергаменттi ауыстырып, ол батыстағы жазу жазатын бiрден бiр басты материалға айналды. Цай Луньның қағаз жасаудағы тапқан әдiсi қазіргі таңдағы қағаз өндiрудiң негiзi болып табылады.