Эмитент деген не?
«Эмитент», «эмиссия» деген сөздерді теледидардан жиі естігенмен, мағынасын түсінбеймін. Бұл қандай ұғымдар?
Еркежан Асылова, Алматы
Бұл сөздердің мағынасы өте қарапайым. Эмиссия – құнды қағаз шығару, эмитент – құнды қағаз шығарған кәсіпорын деген мағына береді. Мысалы, облигациясы немесе акцияларына қатысты әңгіме өрбіткенде оны шығарған банк «эмитент» деп аталуы мүмкін.
Экономикалық ақпаратта «акциялардың қосымша эмиссиясы шығарылды» деген де тіркес қолданылады. Бұл кәсіпорынға қосымша қаражат қажет болғанын көрсетеді. Яғни қазіргі акционерлер өз қалтасынан ақша шығармай, акция шығарып сатуды көздегені. Есесіне, бұрынғы қожайындардың қолындағы үлесі кемиді. Қор нарығынан қарыз алу үшін шығарылатын облигациялардың да қосымша эмиссиясы жасалуы ықтимал.