Елімізде ресми тіркелген БАҚ саны қанша?
Білейін дегенім, біздің елімізде қанша бұқаралық ақпарат құралдары ресми тіркелген? Ресей БАҚ-тарының үлес салмағы қанша? Еліміздегі БАҚ негізінен неше тілде жарық көреді немесе таратылады? Шетелдік БАҚ-тың жұмысын қадағалау министрліктің құзыретіне ене ме?
Жәнібек КӨПЖАСАР, Алматы қаласы
Байланыс және ақпарат министрлігінің мәліметінше, бізде ресми тіркелген 2970 бұқаралық ақпарат құралдары бар. Оның 2756-сы мерзімдік. Осылардың 453-і қазақ тілінде. 2303-і орыс тілінде. Бұл – Қазақстанның өзінде шығып жатқандары. Енді осыған Ресейден келетін 5248 газет-журналды қосыңыз. Жалпы, біздің елдегі БАҚ-тың негізгі таратылу тілдері: қазақ, орыс тілдері. Сонымен бірге ағылшын, неміс және басқа да тілдерде шығарылатын мерзімді баспасөз басылымдары бар. Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары» Заңының талаптары бойынша елімізде таратылатын шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін реттеу жергілікті басқару органдарының құзырына кіреді.