Жақында жер-жерде өткен мәслихат сайлауы нәтижесінде жас үміткерлер депутат атанды ма? Ең жас мәслихат депутаты кім болды?
Сұңғат, Алматы облысы
Елдің 13 өңірінде шығып қалған депутаттарының орнына өткізілген сайлау нәтижесі бойынша жас үміткерлер депутаттық мандатты иеленді. Қазақстан бойынша ең жас депутат Қостанай облысында тіркелді. Қостанай облыстық мәслихатқа депутат тағайындау үшін сегіз учаске бойынша ұйымдастырылған сайлауда 23 жастағы белсенді Татьяна Новикова жалпы дауыстың 83 пайызын жинап, ел бойынша ең жас халық қалаулысы атанды. Ол осыған дейін Қостанай облыстық жастар және балалар ұйымы ассоциациясын басқарып, әлеуметтік жобалармен белсенді айналысқан екен.
«Қазіргі жастар енжар әрі өмірге селқос қарайды» деген сөздерді естігенде еріксіз таңырқаймын. Жастар ұйымында жұмыс істей жүріп, күн сайын ондаған талантты жас адамдармен байланыс жасаймын» деген Татьяна Новикова мәслихатта өзінің ғана емес, жастардың да мүддесін қорғайтынын жеткізді. Оның айтуынша, сайлауалды бағдарламасында жұмыспен қамту, жастарды жұмысқа орналастыру мәселесін көтеріп, әлеуметтік желілер мен флешмоб шаралары секілді жаңа технологияларды қолданған.
Былтыр елде мәжіліс пен мәслихатқа депутат сайлау шарасы өткен болатын. Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың айтуынша, сайлауға түскен үміткерлердің 70 пайызға жуығын 30 жасқа жетпеген жігерлі жастар құраған көрінеді. Сөйтіп, жас депутаттардың көптігі жағынан Павлодар облысы көш бастаған еді. 24 жасар Сапар Шалабаев Павлодар облыстық мәслихатының депутаты болып, жас депутат атанған болатын.
Елдің ең жас мәслихат депутаты кім?
Последние статьи автора