Екінші күзетшінің жұмысын қоса атқарғанда жалақы қалай төленеді?
Үш күзетші ауысыммен мектепті күзетеміз. Бір күзетші еңбек демалысына кеткенде оның орнына қалған екеуміз ауысып жұмыс істейміз. Алайда сол қосымша атқарылған жұмыс үшін бізге ақы төлемей отыр. Есепшінің осы әрекеті заңды ма?
Серікбай Сейсенбаев, Оңтүстік Қазақстан облысы
Еңбекті нормалау және еңбекке ақы төлеу басқармасының сарапшы маманының мәліметінше, Азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесі «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы №1400 қаулысымен реттеледі.
Қаулының 3-тармағына сәйкес ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық жалақылары атқаратын лауазымдарының лауазымдар санаттарына жатқызылуына және мамандығы бойынша жұмыс өтіліне, тағайындалған біліктілік разрядтарына (жұмысшылар үшін) қарай лауазымдық жалақыларын (ставкаларын) есептеу үшін бекітілген тиісті коэффициенттерді Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген базалық лауазымдық жалақының (БЛЖ) мөлшеріне көбейту жолымен айқындалады.
«Күзетші (вахтер)» (1-разряд. Ауысым бойынша аға міндеттерін орындау кезінде – 2-разряд) кәсібі бойынша тарифтік-біліктілік сипаттама Бiрыңғай тарифтiк-бiлiктiлiк анықтамалығының 1-шығарылымында көрсетілген.
Жұмысшылардың лауазымдық жалақыларын (ставкаларын) есептеуге арналған коэффициенттер Қаулыға 3-қосымшада берілген.
Бүгінгі күнге БЛЖ мөлшері 17 697 теңгені құрайды.
Қаулыға 19-қосымшаға сәйкес мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне түнгі уақытта жұмыс істегені үшін, кешкі сағат 22-ден таңғы сағат 6-ға дейін әр сағат үшін сағаттық ставканың 50% мөлшерінде қосымша ақы төленеді.
Ауысымдық жұмыс кезiнде қызметкерге барлық нақты жұмыс атқарған сағаттарына төлем жүргізіледі.