Діни бірлестіктердің мәртебесі қандай?
Елімізде биыл қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңға сәйкес, діни бірлестіктердің мәртебесі қалай айқындалып отыр?
Бауыржан Мейірбаев, Алматы
Жуырда қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның 12-бабында көрсетілгендей, Қазақстанда жергілікті, өңірлік және республикалық мәртебесі бар діни бірлестіктер құрылуы және әрекет етуі мүмкін. Қазақстан Республикасының кемінде елу азаматының бастамасы бойынша құрылған, бір облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың шегінде әрекет ететін діни бірлестік жергілікті діни бірлестік болып танылады. Кемінде екі облыстан, республикалық маңызы бар қалалардан және астанадан өкілдік ететін, олардың әрқайсысынан Қазақстан Республикасының кемінде 250 азаматы бар екі және одан да көп жергілікті діни бірлестіктердің қатысушылары (мүшелері) болып табылатын, Қазақстан Республикасының кемінде 500 азаматының бастамасы бойынша құрылған діни бірлестік өңірлік діни бірлестік болып танылады. Өңірлік діни бірлестіктер осы жергілікті діни бірлестіктердің қызметі аумағының шегінде құрылып, өз қызметін жүзеге асырады. Барлық облыстардан, республикалық маңызы бар қалалардан және астанадан өкілдік ететін, Қазақстан Республикасының кемінде 5 мың азаматының бастамасы бойынша құрылған, олардың әрқайсысында Қазақстан Республикасының кемінде 300 азаматы бар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының барлық аумағында өз құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) бар діни бірлестік республикалық діни бірлестік болып танылады.