Демографиялық өсімде отағасының міндеттері

Құранда Алла тағала ер кісінің отбасы басшысы екенін айтқан. Отбасының тізгінін ұстайтын ер кісі өзіне міндеттелген жауапкершіліктерді дұрыс атқарса ғана шаңырақ шаттықты ғұмыр кешеді. Ер кісінің жауапкершілігі əлеуметтік қамсыздандырумен ғана шектеліп қалмайды. Бақыттың кілті байлықта емес, отағасы жұбайының бақытты болуына да жағдай жасауға міндетті. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Уəда» құтпасында үмбетіне былай деп өсиет қалдырды: «Уа, адамдар! Əйелдердің ақысын аяқ асты етпеңдер. Алладан қорқыңдар. Өйткені сендер əйелдеріңді аманат ретінде Алланың атымен сөз беріп өздеріңе жар етіп алдыңдар.
Расында, сендердің əйелдеріңнің алдында, əйелдеріңнің де сендердің алдарыңда міндеттері бар».
Құран аяттарында жəне хадистерде айтылған əйел құқығына қатысты мəселелерді қарастыра отырып, Ислам заңгерлері отағасының мойнына мына міндеттердің жүктелетінін айтқан:

1. Нəпақасын табу
«Нəпақа» – «табыс», «несібе» дегенді білдіреді. Ал нəпақаның діндегі терминдік мағынасы − отбасы мүшелерінің тамағы, киім-кешегі мен баспанасы секілді күнкөрісіне керек дүниелер. Мұны Алла тағала еркектің мойнына жүктелген. Нəпақаның көлемі əйелдің қалауы бойынша емес, ер кісінің шама-шарқына қарай белгіленеді. Алла тағала мұны Құран кəрімде былай баяндайды: «Жағдайы бар адам (отбасының нəпақасын) байлығына қарай молынан берсін. Ал ризығы шектеулі адам Алланың оған нəсіп еткеніне қарай берсін. Алла тағала құлына бергенінен артық жауапкершілік жүктемейді».
Əйелі бай болса да, кедей болса да оны асырау – күйеуінің міндеті. Дəулетті əйел өз еркімен күйеуіне көмектессе, онда игі ісінің сауабы Алла алдында ескерілетіні анық.
Отағасы отбасын адал ризықпен асырауы тиіс. Бұл − əйелдің жəне бала-шағаның ақысы. Бұрынғы кездері салиқалы əйелдер отағасын сапарға шығарып салып тұрып: «Отағасы, арам асты шаңырағымызға əкелме. Онымен аузымызды былғама. Қамшының сабындай мына қысқа өмірде аштыққа көнерміз, бірақ тозақтың отына шыдай алмаспыз», – дейді екен. Ал қазіргі таңда кейбір əйелдер: «Қайдан тапсаң одан тап, ұрлайсың ба, кісі тонайсың ба, онда шаруам жоқ, бізді ел қатарлы асыра» – деп, күйеуінің шақшадай басын шарадай етіп жатады.

2. Төркініне барып тұруға рұқсат беру
Ислам дінінде ата-ана мен туысқан ақысына жіті назар аударылған. Ата-аналарының ақысына мəн беру тұрғысынан жігіт пен қыздың міндеттері арасында айырмашылық жоқ. Бұл ақы екеуінің де мойнында бар. Тек қана қыз тұрмыс құрғаннан кейін күйеуіне бағынышты болғандықтан, əлеуметтік жағынан ата-анасына көмектесе алмайтындығы үшін жауапты емес.
Дегенмен, ата-анасын, туысқандарын көру, өскен ұясына барып тұру əйел кісінің құқы. Сондықтан күйеуі əйелінің бұл құқығына шектеу қоя алмайды.
Ханафи мəзһабы бойынша, егер келіннің төркіні жақын жерде, яғни бір қаладан немесе бір ауылда болса, онда келінге ата-анасына аптасына бір мəрте баруына рұқсат берілуі керек. Əйелдің ата-анасы басқа дінді ұстанатын кісілер болса да, бұл үкім күшін жоймайды. Егер ата-анасы күйеу баласының үйіне өздері жиі келіп-кетсе, онда күйеуі апта сайын əйелін жібермеуіне құқы бар.Егер қыздың төркіні басқа қалада болса, онда оның телефон немесе хат арқылы ата-анасымен хабарласып тұруы жеткілікті. Мұндайда əйелі ең қажет жағдайда немесе орайы келген кезде ғана төркіндете алады.

3. Жұбайының білімін жетілдіруіне жағдай жасау
Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) бір хадисінде білімнің мұсылман ер мен əйелге ортақ парыз екенін айтқан. Хадисте сөз болған үйренуі парыз білімнің саласы – діни ілім. Дінді үйрену – өмірді үйрену. Өйткені дін өмірдің барлық қатпарын қамтитын, қиындық атаулының барлығын шешуге қабілетті үлкен мектеп.
Ислам діні əйел баласының өмірдің бұл мектебінен мақұрым қалуына жол бермейді. Себебі əйел – болашақ ұрпақтың бастамасы, өнегесімен қоғамның өзін өзгерте алатын тұлға. Ал оның тəлім көкжиегі кең тəрбиеші болуы үшін білімінің де тереңдігі қажет. Баласын жақсы жолмен өсіріп, оның діни мəліметтерді бойына сіңіруі, Ұлы Жаратушысын танытып, Пайғамбары туралы жақсы ой кеудесіне ұя салуы үшін ананың өзі сондай діни түсінікке ие болуы керек.
Ислам дінінде əйелдің білім алуына тыйым салатын ешқандай аят-хадис жоқ. Керісінше, білім алуды ер мен əйелдің екеуіне де міндеттеген. Ислам тарихына көз жүгірткенімізде, білімі арқылы үмбеттің тірегіне айналған көптеген əйелдерді көреміз. Əсіресе Айша анамыздың (р. а.) бұл салада орны ерекше. Кезінде сахаба əйелдер де діни білімдерін тереңдеткен. Олардың қарасы көбейгендіктен Пайғамбарымыз (с.а.у.) арнайы күн белгілеп, сабақ беріп, сұрақтарын жауапсыз қалдырмаған.
Мұсылман əйелдің бірінші ұстазы күйеуі болуы тиіс. Егер күйеуі діни білімді үйрете алмаса, онда ұстаз табуы немесе бір ұстазға барып білім алуына жағдай жасауы қажет. Бірақ бұл жерде ескеретін мəселе, əйелдің білім алуына жағдай жасау барысында харамға қолды былғамауға да мəн берілгені жөн. Бірінші кезекте əйел баратын жерінде ер кісілермен араласып отырмайтындай жерді таңдағаны абзал.

4. Жұбайының табысына қол сұқпау
Ислам құқығында ер мен əйелдің дүние-мүлкі өздеріне ғана тиесілі. Яғни, ер кісі тапқан табысын өзінің қалауы бойынша жарата алатыны секілді, əйел де табысын өзі иемдене алады.
Күйеуі əйелінің байлығы мен табысын иемдене алмайды. Сондай-ақ, оның байлығын немесе табысын айналымға қосуына, біреуге қарызға беруіне, қалағанынша қолдануына кедергі бола алмайды. Əйелдің байлығына мыналар жатады: ата-анасы мен туыстары тарапынан тарту етілген бұйымдары, ата-анасының берген жасауы, күйеуінің сыйлықтары жəне өзінің табысы.
Əйел өз ризашылығымен күйеуіне мал-мүлкін қолдануға берсе ғана күйеуі оларды пайдалануға құқылы. Олай болмаған жағдайда оны қолдану күйеуге харам саналады.

5. Жұбайының жұмыс істеуіне рұқсат беру
Ислам діні қажет жағдайларда əйелдің де жұмыс істеп, табыс табуын құптайды. Тұрмысы нашар отбасыларда отағасына көмектесу үшін немесе жесір қалған əйелдің бала-шағасын асырауы үшін табыс табуына қарсылық білдірмейді. Сондай-ақ Ислам діні əйел адамның бостан-бос отыруын, жалқаулыққа салынуын да жаратпайды.
Кезінде сахаба əйелдер түрлі кəсіптермен шұғылданған. Алла елшісі (с.а.у.) бұған қарсылық білдірмеген. Мысалы, ол кездері үйлену тойлары үшін қалыңдықты сəндейтін шаштараздықпен шұғылданатын, толғатқан ананы босандыратын, кісі жалдап сауда керуендерін шет елдерге жұмсайтын əйелдер болған. Ұхұд соғысында кейбір əйелдер майдан даласында жүріп жаралыларды емдеген. Үмбеттің ұстазы Пайғамбарымыз (с.а.у) өзінің асыл жары Хафсаға (р.а.) жазу үйрету ісін жүктеген. Сахабалардан Абдуллаһ ибн Мəсғұдтың жұбайы Раита ханым қолөнермен айналысқан. Сол еңбегімен табыс тауып, отбасын асырап, күйеуіне көмек көрсеткен. Осы жағдайын бір естелігінде былай баяндайды: «Бір күні күйеуіме: «Балаң екеуіңді асырап-баққандығымнан менің Алла жолында садақа беруге мұршам жоқ. Бір жағынан сендерді де аш қалдырмай, бір жағынан Алла жолында садақа атауға да табысым жетпейді. Отбасының қамын ойласам, садақа сауабынан қағыламын. Садақа берсем сендерге қол ұшын созуға дəрменсізбін»деп, одан арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей сауап жинау үшін не істейін деп ақыл сұрадым. Күйеуім отбасыма арнаған табысымның садақаға жатар-жатпасын білмейтінін айтты. Сосын жағдайды Алла елшісіне барып айттым. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Иə, олар үшін жұмсауыңды тоқтатпа. Себебі, олар үшін не сарп етсең де, саған сый мен сауап бар», – деді». Пайғамбарымыздың жұбайы Зейнеп бинт Жахш тері өңдеу ісінің асқан шебері еді. Осы еңбегімен тапқан табысының бəрін Алла тағаланың жолына жұмсайтын.
Бірақ əйел қызметке тұру үшін күйеуінен рұқсат алуы тиіс. Тағы да бір ескеретін мəселе, қызмет атқаратын ортасы оны күнəларға жетелейтін жер болмауы керек. Сонымен қатар, табыс тапқысы келген əйел өзінің күйеуі алдындағы міндеттерін ұмытпауы тиіс. Себебі кəсіппен шұғылданып, дүние жинау тұрмыс құрған əйелдің уəжіп міндеті емес, ал күйеуінің алдындағы міндеттері болса уəжіп болып табылады.

6. Жұбайын баласынан айырмауы керек
Іштен шыққан баласын өз құшағында өсірге əр ана құқылы. Баланың əкесі отбасындағыбасшылық рөлін қолданып, əйелінің келісімінсіз баланы басқа біреуге бере алмайды. Себебі Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кім ананы баласынан айыратын болса, Аллаһ тағала қиямет күні оны сүйгендерінен айырады», – деп айтқан.
Халқымызда тұңғыш баланы ата-əжесінің қолына беру салты бар. Егер бұған сəбидің анасы келісім бермесе, онда күйеуінің тіпті уақытша болса да, баланы беруге құқы жоқ. «Сендер балаға дұрыстап қарай алмайсыңдар» деп, кейде ата-енесі келінінің қолынан немерелерін тартып алып жатады. Ислам дінінде бұған тыйым салынған. Сондай-ақ, Ислам құқығы бойынша,
ерлі-зайыптылар нəрестелерін емізу үшін басқа əйелге уақытша берулеріне болады. Бірақ, бұған да жұбайының келісімі қажет. Себебі қай ана өз баласын бауырына басып, ақ сүтімен өсіргісі келмейді дейсіз. Өз баласын өзі өсіру əр шешенің аналық ақысы. Күйеуі жұбайын аналық ақысынан айыра алмайды.

7. Жұбайын төсек қатынасынсыз қалдырмауы керек
Неке арқылы ерлі-зайыптылардың жыныстық қатынас ақылары да пайда болады. Сондықтан күйеуі жұбайының бұл құқына немқұрайлы қарамауы тиіс. Мына бір оқиға осы тұрғыдан үмбетке өте жақсы сабақ боларлық мəнге ие. Сахаба Абдуллаһ ибн Амр (р.а.) күн сайын ораза ұстап, түнін Құран оқумен өткізетін. Жұбайына көп жақындай бермейтін. Туыстарымен шүйіркелесуге уақыт бөлмейтін. Бір күні əйелі қайын атасына осыны айтып шағымданады. Абдуллаһтың əкесі жағдайды Пайғамбарымызға білдіреді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) əлгі сахабасын шақырып алып: «Жұбайыңның сенде ақысы бар. Қонақтарыңның да ақысы бар, денеңнің де ақысы бар. Бұларды ұмыт қалдырма», – деп өсиет айтады.
Ислам құқығында ерлі-зайыптылардың арасында бір жыл бойы жыныстық қатынас болмаса жəне əйел осы себепті сотқа шағымданса, əйелдің тілегі бойынша сот олардың ажырасуына үкім шығарады делінген.

Шәмшат ӘДІЛБАЕВА,
исламтанушы
islam.kz

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста