Осы жылдың ақпан айынан бастап бала күтімі бойынша демалысқа өтініш жазған едім. Өтініште демалыс мерзімі «бала алты айлық болғанша (ақпан-шілде)» деп көрсетілген. Осы орайда менің білгім келгені, өтініште көрсетілген уақыт аяқталған соң, одан әрі демалыс мерзімін ұзартуыма бола ма?
Сара, Қарағанды облысы
Сарапшы мамандардың мәліметіне жүгінсек, ҚР Еңбек кодексінің 195-бабына сәйкес, бала үш жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс осы баптың 1-тармағында көрсетiлген қызметкердiң жазбаша өтiнiшi негiзiнде оның қалауы бойынша толық немесе бөлiнiп пайдаланылуы мүмкiн.
Бала үш жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс уақытында қызметкердiң жұмыс орны (лауазымы) сақталады.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, бала үш жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты жалақысы сақталмайтын демалыс уақыты жалпы еңбек өтіліне, мамандығы бойынша жұмыс өтіліне есептеледi.
Осы орайда, сіз жұмыс берушіңізге жазбаша өтініш жазып, бала күтіміне байланысты демалысыңызды ұзартуға құқылысыз.