Делимитация мен демаркация синоним сөздер емес
Мемлекетаралық қатынастар туралы айтылғанда, шекараны делимитациялау және демаркациялау деген сөздер қолданылады. Осы туралы қарапайым түсiнiк берсеңiздер?
Ерлан ҚАБЫЛАШҰЛЫ, Алматы облысы
Бұл екi түсiнiктiң қатар қолданылатыны рас. «Делимитация» ұғымы «шекараны анықтау» деген мағынаны бередi. Яғни дипломаттардың келiссөздерiнен бастап, территорияны бөлiсiп, межелеуге дейiнгi үрдiстi қамтиды. Қысқаша айтқанда, бұл – тарихи дәлелдер арқылы мемлекеттердiң өзiмен шектесетiн елдермен арадағы шекараны бейбiт жолмен бөлiсуi. Ал «демаркация» деген ұғым латын тiлiнен аударғанда «шек қою, бөлу» деген мағына бередi. Демаркациялау дегенiмiз – анықталған мемлекеттiк шекараларды арнайы белгiлермен бөлу. Яғни нақты жұмыстарды жүзеге асыру. Демаркациялау кезiнде топографиялық немесе аэрофотоға түсiру жұмыстары жүргiзiледi. Сол арқылы iрi масштабтағы топографиялық карта жасалады. Онда шекаралық сызықтар мен айрықша белгiлер көрсетiледi. Демаркациялау жұмысы арнайы құжат, хаттама арқылы жүзеге асырылады. Құжат бойынша, шекаралас мемлекеттер айрықша белгiлердi қадағалап отыруға мiндеттi.