«Дауысы алты қырдың ар жағынан естілетін» әнші, сал-серілер туралы жиі айтылады. Солардың дауыс күші қандай болды екен? Жалпы, адамның дауысын қалай өлшейді?
Батыр Әзімбаев, Аягөз қаласы
Әйгілі данышпан Сократқа сынату үшін бір адамды алып келіпті. Әлгі адам ә дегеннен қысылып, үндемей қалса керек. Содан оған әрі қарап, бері қарап отырған Сократ «сөйлесеңші енді, мен сені көрейін де» деген екен. Сонда айтылғандай дауыс адамның ішкі дүниесін көрсетеді. Сонау ертеректе, яғни 1228 жылы Сицилия аралының императоры Фридрих фон Хохенштауфеннің сарай астрологы әрі ойшылы Мишель Скоттус өзінің «Физиогномика» атты еңбегінде адамның мінезіне қарай үннің 13 түрге жіктелетінін атап көрсеткен екен.
Бүгінде адамның дауысын жиілік, күш, ұзақтық және тембр секілді параметрлер арқылы қарастырады. Үннің жай не баяу шығуы дауыс желбезегінің бір секундтағы тербелісіне байланысты, ал ол Герц бірлігімен өлшенеді. 1 герц – секундтағы бір тербеліске тең. Ал адамның дауысы секундына 80-нен 10 000 тербеліске дейін тербелуі мүмкін.
Ал енді дауыс күші децибел деп аталатын бірлікпен өлшенеді. Екі ғашықтың үздіккен үні шамамен 30 децибелді құраса, ашу үстіндегі дауыс 60 децибелге дейін көтеріледі. Жабық кеңістіктегі жай ғана сөйлеген шешеннің дауысы 55 децибел болуға тиіс десек, ашық кеңістікте оны 80 децибелге дейін көтеруге болады.
Әншілердің дауысы әннің ырғағына қарай 30-дан – 110, тіпті 130 децибелге дейін көтеріледі. Ал енді «алты қырдың астына жететін» Ақан, Біржан, Әсет пен Әмірелердің дауысы бұдан да жоғары 150-160 децибелді құраған болуы мүмкін. Ал мұндай дауыс жабық кеңістікке сыймайды. Әйгілі Әміре кезінде Париж сахнасында ән шырқағанда театрдың жарықшамдарының өзі сықырлап кеткен. Жез таңдай әнші Жәнібек Кәрменов ән салғанда да бөлменің терезелері мен жоғарыда жанып тұрған жарықшамға дейін сықырлайтын болған.
Дауыстың күші қаншалықты?
Последние статьи автора