Черлидинг – бишілер спорты
Голливудтың жеңіл-желпі киноларында жас қыздардың түрлі акробатикалық қимылдар жасап, ұран ретінде жалынды сөздер айтып жүргенін көп кезіктіремін. Бұл қыздардың әрекеті спорттық элементтерге бай, сондықтан да жай ғана қызығушылық деп айтуға келмейтін сияқты. Менің де черлидер болғым келеді, өйткені гимнастикаға икемім бар. Черлидингінің әлемдегі және Қазақстандағы қарқыны қандай?
Назгүл Пахманова, БҚО Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылы
Черлидинг ХІХ ғасырдың 70 жылдары Америка жерінде пайда болған. Арада бір ғасыр өткен соң ғана, 1970 жылдары, черлидинг кең қанат жая бастады. Негізінен, черлидинг екіге бөлінеді. Біріншісі, арнайы ережелер бойынша спорттық клубтар сайысқа түседі. Черлидингімен айналысатындардың тағы бір тобы стадиондар мен спорт алаңдарына мейлінше көп жанкүйер жинап, алаңдағы ойыншыларға рух беріп, жиналған жанкүйерлердің көңілін көтеру мақсатында өнер көрсетеді. 1998 жылы Халықаралық черлидинг қауымдастығы құрылды. Оған мүшелік ететін 37 елдің ішінде Қазақстан да бар. 2001 жылы Токиода тұңғыш рет черлидингіден әлем чемпионатының тұсауы кесілді. Черлидингінің ережелеріне сәйкес, сайыстар мына бағыттар бойынша өтеді:
Чир – акробатикалық қимыл-әрекеттер жасап, пирамида тұрғызу, ұран сөздер айту.
Данс – спорттық гимнастиканың элементтерін пайдаланып, би билеу. Бұл бөлімде спортшылардың синхронды қимылдауы мен хореографиялық дайындықтары басты назарға алынады.
Чир-микс – ерлер мен қыздардың араласып өнер көрсетуі.
Топтық стант – топ болып пирамида құру.
Жеке черлидер – топ басшысының дарынын бағалау.
Черлидингіге арналған фильмдер де өте көп. Әсіресе «Табысқа жет!» деп аталатын жастарға арналған фильм черлидингіні жақсы насихаттаған. Ал танымал тұлғалар ішінде Рональд Рейган, Мадонна және Камерон Диас черлидингіні сүйікті кәсіп етіпті.