C витамині суықтан қорғай ала ма?
Күз, қыс мезгілдерінде дәріханаға жолыңыз түссе-ақ, басқа дәрілерге қоса С дәруменін сатып алуды ұсынады. «С дәрумені суық тигеннен болатын дерттердің алдын алады» дейді. Осы рас па?
Жадыра МҰҚАНОВА, Қостанай қаласы
Мұндай түсініктің қалыптасуына себепкер – атақты химик Лайнус Полинг. Өткен ғасырдың 60-жылдарында ол: «өте көп мөлшерде қабылдаған жағдайда, С дәрумені суық тигеннен болатын дерттердің алдын алады», – деп мәлімдеген. Содан бастап, әсіресе, өркениетті елдерде С дәрумені дәріханаларды былай қойып, супермаркеттерде де сатылатын болды.
Бірақ Полинг мәлімдемесінен ондаған жылдардан кейін зерттеуші ғалымдар оны қателесті деп тауып отыр. «С дәрумені суықтан болатын дерттердің алдын алмайды. Дегенмен Полингті үзілді-кесілді кінәлауға болмайды. Дерттің алдын алмағанымен, ауыра қалған жағдайда, расында да, С дәруменінің пайдасы болады», – дейді олар. Атап айтқанда, дерттің тым ұзаққа созылып кетпеуіне көмегі тиетін көрінеді.