Алматы облысында Бұрханбұлақ сарқырамасы бар деп естіген едім. Ол қай жерде? Сарқырама маңында демалуға жағдай жасалған ба?
Бұрханбұлақ сарқырамасы Талдықорған қаласынан – 100, ал Текелі қаласынан 55 шақырым жердегі Жоңғар Алатауының ең шұрайлы жері – Кора өзенінің шатқалында орналасқан. Бұрханбұлақ Жетісу өңіріндегі ең биік сарқырама болып есептеледі. Ол 125 метр биіктіктегі адам аяғы баспайтын құз басынан мұздай су құлай ағатын жұмбақ құбылыс. Қарақошқыл гранит құздан төгіліп жатқан ағыс кемпірқосақтың барлық түсімен құлпырып тұр. Алайда Бұрханбұлақ мекенінде туристер келіп тамашалауға ешқандай жағдай жасалмаған. Және ол жергілікті туристік фирмалардың тізімінде де болмай шықты. Бір жағынан, мұндай табиғаты әдемі өңірдің адам аяғы баспаған күйінде қалғаны да дұрыс болар.