Бүркеншік аттың иесі кім?
Әлемдік әдебиетте авторлардың көбі дерлік бүркеншік аттарымен танылған. Біздің қазақта бүркеншік атты қолдану алаштықтар кезінде кең етек жайғанға ұқсайды. Бірақ бір өкініштісі, бүгін көбіміз кімнің қандай атпен жазғанын білмейміз. Осы жағынан мәлімет берсеңіздер.
Нұрбек Сәлменұлы, Қостанай қаласы
Бүркеншік аттарды (псевдонимдер) негізінен қоғам қайраткерлері, ақындар мен жазушылар, журналистер мен көркемөнер адамдары пайдаланады. Кезінде кеңестік саясаттың оспадар саясатын, елдің ауыр да аянышты әлеуметтік жағдайын жазған алаш арыстары да осындай бүркеншік аттарды пайдалануға мәжбүр болған. Мәселен, «Орта жүз», «Бабайбүркіт» – Отыншы Әлжанов, «Найман», «Мұтылған» – Шәкәрім Құдайбердіұлы, «Гүлбат», «Барон кадо», «Степной», «Қыр баласы» – Әлихан Бөкейханов, «Желкек» – Телжан Шонанұлы. Мұндай бүркеншік атпен олар «Дала уәллаятының газеті», «Қазақ», «Киргизская газета», «Айқап» журналына жиі қалам тербеп тұрған.
Әдебиеттанушы ғалым Б.Кенжебаев бүркеншік аттарды қою әдісін былай жіктейді:
1. Туу жайымен байланысты немесе географиялық принцип бойынша (туған жер, ру атымен қою). Мысалы: Ақмола, Омбылық, Қоңыр, Семей т.б.
2. Криптонимдік әдіс бойынша (өз атының немесе фамилиясының бас әріпін қысқартып қою). Мысалы: М.Ә. – Мұхтар Әуезов, М.Ж. – Мағжан Жұмабаев, С.С. – Сәкен Сейфуллин.
3. Лақап аттармен атау (дене пішіні, психологиялық ерекшелігіне байланысты). Мысалы: «Қараша бала» – Б.Майлин, «Зайсан жігіті», «Жаны ашыған» – Ж.Байболов, «Семинарист Әуезов» – М.Әуезов т.б.
Әдебиетші ғалымдардың айтуынша С.Сейфуллин, «Манап», «Дүйсенбі», М.Әуезов «Арқа» сияқты бүркеншік аттарды қолданған екен.