Жақында «Қазақфильм» «Несиеге махаббат» атты фильм түсірді» деп естіп едік. Кино не туралы? Оны телеарналардан көрсете ме?
Ғалым, Ақтөбе
Аталған туындыны «Қазақфильм» емес, «Қазығұртфильм» студиясы түсірген.
Фильмнің қоюшы-режиссері – Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, белгілі әртіс Сәбит Абдықалықов, сценарий авторлары – режиссердің өзі және Нұргелді Садығұлов пен Сафуан Рыспай. Комедия жанрында түсірілген бұл фильмнің жалпы мазмұны мынадай: киноның басты кейіпкері әдемі қызға үйленгісі келеді, сондай-ақ оның іздеген адамы өте ауқатты отбасынан шыққан болуы керек. Сәнқой қыздардың көңілін аулау үшін ол анасының рұқсатынсыз несие алып, тұрып жатқан пәтерін кепілдікке қояды. Алған ақшасына ең қымбат темір тұлпардың бірін таңдап мінген жігіт көптеген қиындыққа тап болады.
Автокөлікке мінген жігітке арманына жетуге шақ қалғандай көрінеді, дегенмен бәрі бірден орындала бермейтініне көзі жетеді. Сонымен қатар алған несиесін ай сайын қайтарып отыруы керек екені де оны қатты мазалай түседі.
Қолы жетпейтін қыздардың артынан жүгіріп, босқа әуре болып жүрген жігіт жанында жүрген суретші әрі сүйкімді қыздың өзіне ғашық екенін сезбейді.
Несиені қайтарудың соңғы мерзімі келгенде кейіпкер ақшаға шынайы махаббат пен сенімді сатып ала алмайтындығына көзі жетіп, өмірдегі ең құнды дүние пәк сезім екендігін түсінеді.
Қазіргі уақытта фильм отандық кинотеатрлардан көрсетілуде. Болашақта бұл туынды еліміздің бірқатар өңірінде көрсетіліп, одан соң республикалық арналардан ұсынылмақ.
Бұл фильмнің тұсаукесер көрсетілімі кеше Алматыда өтті
Последние статьи автора