Бүкіләлемдік әскери спорттық ойындар
Осы Қарулы Күштер арасында халықаралық әскери ойындар немесе чемпионаттар өткізіліп тұра ма?
Дидар Нұрмағамбетов, Қарағанды облысы
Өткізілгенде қандай! Қарулы Күштер арасында Олимпиада ойындары сияқты бүкіләлемдік әскери спорттық ойындар өткізіліп тұрады. Халықаралық әскери спорт кеңесінің туы астында төрт жылда бір рет Бүкіләлемдік әскери спорттық ойындар ұйымдастырылып келеді. Жазғы спорт түрлерінен алғаш рет Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орайластырылып, 1995 жылы І бүкіләлемдік әскери спорттық ойындар өткізілген. Содан кейін төрт жылдық жиілік сақталып, 1999 жылы Загребте (Хорватия), 2003 жылы Катанияда (Италия), 2007 жылы Хайдарабадта (Үндістан) қарулы күштердің бүкіләлемдік ойындары өткізілді. 2015 жылғы бесінші дүниежүзілік әскери дода Мунйонда (Оңтүстік Корея) жалауын желбіретпек.
Жүйелі түрде өткізіліп келе жатқан Бүкіләлемдік әскери спорттық ойындарға кейінгі жылдары 100-ден астам елдердің әскери спортшылары қатысуда. Аталмыш додада 20 шақты спорт түрінен жекелей және командалық сында бірнеше медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Олардың арасында әскери-қолданбалы сайыстар, жекпе-жек түрлері, парашютпен секіру, әскери бессайыс сынды қарулы күштерге тән спорт түрлерімен қоса, Олимпиада ойындары бағдарламасына енетін спорт түрлері де бар.
Ал қысқы спорт түрлерінен І бүкіләлемдік әскери спорттық ойындар тек 2010 жылы өткізілді. Италияның Аоста деген қаласында өткен алғашқы дүбірлі додаға 42 елдің әскерінің сардарлары мен сарбаздары қатысты. Оның бағдарламасындағы спорт түрлерінің барлығы дерлік – қысқы Олимпиада ойындары бағдарламасына кіретін спорт түрлері (әрине, мәнерлеп сырғанау жоқ, әзірше). Қысқы Олимпиада ойындарынан өзгешелігі, оның бағдарламасында құзға өрмелеу спорты бар. Ал альпинизм көрсетілімді (таныстырылымды) спорт түрі ретінде ғана Бүкіләлемдік әскери спорттық ойындар бағдарламасына ілікті.