Мен бодибилдингке қызығамын. Жалпы, бұл спортқа жата ма? Онымен қалай айналысуға болады?
Серікбол КЕНЖЕҚАРАЕВ, Алматы қаласы
Иә, бодибилдинг – спорттың бір түрі. Ағылшын тілінен аударғанда дене құрылысы деген мағынаны білдіреді. Жалпы, спорттың бұл түрінің негізін қалаушылар ретінде америкалық ағайындылар Джо және Бен Вейдерлерді айтуға болады. Олар 1946 жылы халықаралық бодибилдинг федерациясын құрады да, әлемнің ең мықты атлеттерінің бастарын біріктіріп, турнирлер өткізе бастайды. Бүгінде аталмыш федерацияға 179 мемлекет мүше. Жыл сайын әлемнің кіл мықты, денелі атлеттерінің басын біріктіретін «Мистер Олимпия» турнирі өтіп тұрады.
Бодибилдинг тынбай жаттығуды қажет етеді. Оған керекті басты құралдар ретінде кір, штанга секілді ауыр заттарды айтуға болады. Сондай-ақ бодибилдингте денені шығару үшін арнайы дәрі-дәрмектер мен белокты тағамдарды көптеп пайдалану керек.