Біздің елде кітап мерекесі жоқ
Баспасөз беттерінен Дүниежүзілік кітап күні деген атаулы дата туралы естігенім бар еді. Осы туралы толығырақ білгім келеді. Ал біздің елде қазақ кітабының төл мерекесі бар ма?
Нұрбол ТӨЛЕГЕНОВ, Алматы
23 сәуір –1995 жылы Парижде өткен Бас Ассамблея конгресінің шешімі бойынша Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күні болып жарияланған. 1616 жылы дәл осы күні М.Сервантес, У.Шекспир, Инка Гарсиласо Де Ла Вега дүниеден өткен екен.
Ал 1967 жылдан бастап Балалар кітабы жөніндегі халықаралық кеңестің шешімімен Данияның әлемге әйгілі ертегішісі Ганс Христиан Андерсеннің туған күніне орай 2 сәуір – Әлемдік балалар кітабы күні болып тағайындалған. Мына қызықты қараңыз! 2008 жылдан бастап Жазушылар одағының басшысы Левон Ананянның шешімімен 19 ақпан – Арменияда Кітап сыйлау күні деп белгіленген. Әрі мейрамды өткізу жөніндегі бастаманы көтерген мемлекет үкіметі көрінеді. Аталған дата 1869 жылы дүниеге келген армян ақыны, жазушы, қоғам қайраткері Ованес Тадевосович Туманянның туған күніне орайластырылған.
Өкінішке қарай, біздің елде ұлттық кітап мерекесі де, қазақ кітабының күні де, кітапты сыйлау күні де жоқ.