Біз шаншар — қыз айттырудың белгісі
Бір жолы автобуста келе жатып екі әженің «баяғыдағы «біз шаншар» салтын қайтадан дәстүрге енгізсек болар еді, қыздарымыздың оң жақта отырып қалуы көбейді» деген әңгімелерін құлағым шалып қалды. Әңгімелеріне килігіп, сұраудың ретін таппадым. Сондықтан «оң жақта отыру» деген не, «біз шаншар» деген не екенін сіздерден сұрауды жөн көрдім.
Ақсымбат БАЯНОВА, Қостанай қаласы
Қыздардың балиғат жасына толып, оңы-солын танып, өмірден өз теңін тапқан соң соған күйеуге шығуы — табиғаттың заңы. Бүгінде әлгі әжелеріміз айтқандай, тұрмыс құрмай, жалғыз басты болып жүре беретін бойжеткендердің көбейгені рас. «Оң жақта отыру» деген күйеуге шықпай, үйінде отырып қалған қыздарға қарата айтылатын сөз. Ал «біз шаншарға» келетін болсақ, ертеде ауылдың ақсақалдары, бір топ ер-азаматтары жиналып, қызы бар үйге қонаққа келеді. Өздерінің тұрмыстарына қатысты оны-мұны әңгіменің басын шалып, қонақасын жеп болған соң қандай шаруамен жүргендерін айтпай, қоштасып аттанып кетеді. Әдетте ауыл ақсақалдары қаралы хабар жеткізгенде ғана осылай топ болып суыт келеді. Ал әлгіндей, ештеңе айтпай кету жамандықтың белгісі емес. Олар кеткен соң үй иелері қонақтардың отырған жерінен жерге қадалған бізді тауып алса, ол — «бізде ұл бар, сізде қыз бар, құда болайық» дегенді білдіргені.